Жылыой аудандық соты «Машина жасаушылар салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «KazGlobalSolution» ЖШС қызметкері – Амнтай Әлібаевтың мүддесін қорғап берген талап арызын ішінара қанағаттандырды. Іс бойынша шешім сот отырысы басталғаннан кейін 375 күннен соң 7 сәуірде шығарылды.
Талапкердің мүддесін қорғаған ҚБ адвокаты Әнуар Айтмурзиннің айтуынша, бұл - Қазақстанның сот тәжірибесі тарихындағы ең ұзаққа созылған еңбек дауы.
– Қазіргі кәсіподақ төрағасы бола тұра, ол заңды негізсіз жұмыстан шығарылды. Жоғары тұрған кәсіподақ органының дәлелді қорытындысынсыз жұмыстан шығаруға жол берілмейтіні заңда анық көрсетілген. Алайда пікір сұралмай, жұмыстан шығарып тастады, - деп түсіндірді Айтмурзин.
Амантай Әлібаев – Атырау облыстық машина жасау салалық кәсіподақ филиалының жетекшісі. Ол 2023 жылдың 21 шілдесінде жұмысқа қабылданып, 2024 жылдың 21 шілдесіне дейін мерзімді еңбек шартымен жұмыс істеген. Алайда, 2024 жылдың 26 наурызында штаттың қысқаруына байланысты жұмыстан босатылған.
Сот материалдарына сәйкес, ҚР "Кәсіподақтар туралы" Заңының 26-бабының 2-тармағына сәйкес, заңды тұлғаны тарату немесе жұмыс беруші - жеке тұлға қызметін тоқтатқан жағдайларды қоспағанда, жұмыс берушінің бастамасымен жоғары тұрған кәсіподақтың негізделген пікірінсіз кәсіподақ органының басшысымен еңбек шартын бұзу мүмкін емес.
KazGlobalSolution компаниясы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 28-бабымен қорғалатын коммерциялық құпияны алға тартып, бірқатар құжаттарды ұсынудан бас тартты.
Алайда қайта талап етілгеннен кейін компания қалған материалдарды беруден бас тартып, кәсіподақ ұйымына келісімшартты бұзу туралы бұйрықтың жобасын ғана ұсынған.
Талапкер жұмыстан босату штаттың қысқаруына байланысты орын алғандықтан, компания тапсырыстарды орындайтын келісімшарттарды ұсыну қажет деп талап етті. Алайда, сот бұл келісімшарттар нақты бір қызметкердің еңбек қызметіне қатысы жоқ, штаттық кесте жеткілікті деген қорытындыға келді.
Сот келісімшартты бұзу кезінде рәсімнің бұзылғанын анықтады: кәсіподақтың уәжді пікірі болмаған. 2024 жылғы 26 наурыздағы келісімшартты бұзу туралы бұйрық заңсыз деп танылып, күшін жойды.
Сонымен қатар, сот компанияға 2023–2025 жылдарға арналған штаттық кестені ұсыну туралы сұраныс жіберген, бірақ ол орындалмаған. Осыған байланысты сот Әлібаевты жұмыстан босату заңды негізсіз жүзеге асырылған деген қорытындыға келді.
Сот шешімі бойынша:
KazGlobalSolution компаниясынан Амантай Әлібаевтың пайдасына мыналар өндірілді:
- жұмыста мәжбүрлі болмаған кезеңдегі еңбекақы – 3 ай 20 күн, 1 758 291 теңге сомасында (салықтар мен аударымдар шегерілген);
- моральдық зиянды өтеу – 500 000 теңге;
- кәсіподақ атынан өкілдік ету бойынша сот шығындары – 550 000 теңге.
- Талапкер жұмыстан заңсыз шығарылғанын, еңбекақы алу мүмкіндігінен айырылғанын, соның салдарынан еңбекке төлем алуға конституциялық құқығы бұзылғанын ескере отырып, сот талап арызды ішінара қанағаттандырып, жауапкерден А.Ж.Әлібаевтың пайдасына 500 000 теңге көлемінде моральдық шығынды өндіріп алуды әділ деп санайды, - делінген сот шешімінде.
Жалақыны төлеу туралы шешімді дереу орындау міндеттелді.
Сонымен қатар, сот келесі талаптарды қанағаттандырудан бас тартты:
- Әлібаевты сантехник қызметіне қайта орналастыру;
- 2023 жылғы 21 шілдедегі еңбек шартының 2.2 және 4.2-тармақтарын жарамсыз деп тану;
- 500 000 теңге көлемінде моральдық зиян үшін қосымша өтемақы;
- жоғалтқан уақыты үшін зиянды өтеу – 3 919 347 теңге.
Осылайша, талап арыз ішінара қанағаттандырылды.
Қосымша:
Сот ҚР Еңбек министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі комитетінің Атырау облысы бойынша департаментіне анықталған бұзушылықтарды жою және олардың алдағы уақытта олардың қайталануына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау туралы талаппен жеке ұйғарым шығарды. Ведомствоға қабылданған шаралар туралы бір ай мерзімде сотқа хабарлау міндеттелді.
– Бұл бір адамның ісі емес. Бұл ертең оның орнында болуы мүмкін әрбір жұмысшының, кәсіподақ жетекшісінің ісі, - деп түсіндірді заңгер Әнуар Айтмурзин.
Айнур САПАРОВА